Медицина • 25 Қыркүйек, 2024

Әлемнің жеті мемлекетінің жетекші неонатологтары Қазақстанға келді

108 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін АҚШ, Франция, Швеция, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан мен Польша елдерінен келген тәжірибелі неонатологтар Қазақстандағы әріптестерімен Алматыда өтіп жатқан ғылыми-практикалық конференция алаңында кездесті.

Әлемнің жеті мемлекетінің жетекші неонатологтары Қазақстанға келді

UNICEF пен ДДҰ деректері бойынша, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында әрбір мың нәрестенің 23-і бір айға да жетпей шетінеп отырған. Қазір жағдай әлдеқайда жақсарды десек – 2022 жылдың соңын ақарай нәресте өлімі 5 промилледен төмен болған. Бұл Еуропалық одақ елдеріндегі статистикаға өте жақын әрі Орталық Азия елдері арасындағы ең жақсы көрсеткіш деуге болады.

Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған неонатологтардың ауқымды жиыны жаңа туған, шала туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуды, еліміздегі неонаталдық өлім-жітім көрсеткіштерін төмендете түсуді көздейді.

Екі күнге созылатын форумда шетелдік мамандар неонатология саласындағы негізгі мәселелерді, соның ішінде алтын сағатта жаңа туған нәрестені алғашқы реанимациялау, шала туған және аурушаң нәрестелерді қатарға қосуда арнайы тамақты қолданудағы үздік тәжірибелерін, респираторлық қолдаудың халықаралық тәсілдерін, жаңа туған нәрестелердің инфекцияларымен күрес, жоғары қатерлі жүктілік кезінде бақылаудың прогрессивті тактикасы мен басқа да өзекті тақырыптарды талқылап отыр.

Көкейкесті конференцияға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мұрындық болса, Қазақстан акушер-гинекологтары мен неонатологтарының конгресі «Астана медицина университеті» КЕАҚ мен AYALA қайырымдылық қорының қолдауына сүйеніп ұйымдастырды.

ҚР штаттан тыс бас неонатологы және Қазақстан акушер-гинекологтары мен неонатологтары конгресінің президенті Бектұрған Карин осынау жиын бүкіл Орталық Азия өңірінде неонаталдық өлім-жітімді азайтуға елеулі үлес қосып, неонатология мен перинатологиядағы халықаралық және өңірлік көшбасшылармен ынтымақтастықты одан әрі жемісті етуге көмектеседі деп есептейді.

«Қазіргі таңда Қазақстандағы неонаталдық қызмет перинаталдық орталықтардың, перзентханалардың мыңдаған дәрігерлері мен медбикелерін біріктіріп, олар медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Сапа бірінші кезекте дәрігерлердің де, орта медициналық қызметкерлердің де біліміне, тәжірибесі мен дағдыларына байланысты. Сондықтан жетекші халықаралық тәжірибешілердің қатысуымен конференциялар өткізу – елдегі неонатологияны дамытуда аса маңызды. Біз білім берудегі бастамаларымызды жылдар бойы қолдап, демеушілік танытып келе жатқан AYALA қайырымдылық қорына ризашылығымызды білдіреміз», дейді Бектұрған Қарин.

Өз кезегінде AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаған әрі президенті Айдан Сүлейменова: «AYALA қайырымдылық қоры 14 жылдан бері тегін шеберлік сыныптарын, семинарларды ұйымдастырып келеді, отандық неонатологтардың, медбикелердің, акушерлердің кәсіби машығын дамыту мақсатында осындай конференцияларға қолдау танытады. Оған қоса «AYALA академиясы» онлайн-платформасын қазақ тіліндегі кез келген мобильді құрылғыдан қолжетімді тегін бейне курстарымен белсенді түрде дамыту үстіндеміз. Бірнеше жылдан бері түрлі елдерден неонатологтар мен неонаталдық медбикелерді біріктіре отырып, онлайн-клубтар өткізуге көмектесеміз. Дәрігерлеріміздің алған білімі мен ең үздік халықаралық тәжірибені күнделікті қолдануы Қазақстандағы неонаталдық медициналық көмек ретінде нағыз серпіліске негіз болып келеді», деді.

Шала туған шақалақтарды құтқаруды көздейтін халықаралық ауқымдағы жиынға AstraZeneca, Baxter, MedConceptService, Drager, Acino сынды компаниялар демеушілік танытса, Paris-Saclay университеттік ауруханалары (Франция), Кливлендтегі Cleveland Clinic Children's and Pediatric Institute (АҚШ), Santaros Klinikos Вильнюс университеті ауруханасы, Sahlgrenska университетінің Сильвия патшайым балалар ауруханасы (Швеция), Познань медицина ғылымдары университеті (Польша), Неонаталдық мәселелер жөніндегі республикалық перинаталдық орталық (Өзбекстан), Ана мен баланы қорғау ұлттық орталығы (Қырғызстан), Алматы қаласының Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Астана медицина университеті, Түркістан, Өскемен, Қарағанды, Қызылорда, Тараз қалаларының облыстық перинаталдық орталықтары мен басқа да еліміздегі жетекші медициналық мекемелер, орталықтардың медицина ғылымдарының 26 кандидаты, профессорлары мен сарапшылары баяндама жасайды.

 

Алматы